СҚО-да қыркүйек айында ауа райы қандай болмақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында синоптиктер күздің алғашқы айы – қыркүйектегі ауа райы болжамын жариялады.
«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, ай бойы жылы мен суық температура алмасып тұрмақ. Солтүстіктен келген суық ауа ағындары салдарынан түнгі уақытта үсік жүруі мүмкін.
Айлық орташа температура +10,0…+12,1°С шамасында болжанып отыр. Бұл көпжылдық нормаға (+10,7…+11,6°С) жуық көрсеткіш.
- Бірінші онкүндікте түнде ауа температурасы +1…+6°С-тан +6…+11°С-қа дейін ауытқып, күндіз +13…+18°С-тан +18…+23°С аралығында болады.
Екінші онкүндіктің алғашқы күндері жылы болады, түнде +2…+7°С-тен +7…+12°С-қа, күндіз +14…+19°С-тен +19…+24°С-қа дейін көтеріледі. Кейінірек салқындап, түнде 0…+5°С, топырақ бетінде –3°С-қа дейін үсік, күндіз +12…+17°С болады, - дейді мамандар.
Синоптиктердің айтуынша, үшінші онкүндікте де салқын ауа райы басым болмақ: түнде +3…+8°С-тан 0…+5°С-қа дейін және –3°С-қа дейін суытып, үсік күтіледі. Күндіз ауа температурасы +17…+22°С-тан +9…+14°С-қа дейін төмендейді.
Ал жауын-шашынға келер болсақ, қыркүйек айында жылдағы нормаға сәйкес - 22–34 мм шамасында және кей жерлерде нормадан көп болуы ықтимал. Жаңбырлы күндер жиі болып, желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Сонымен қатар, айдың алғашқы онкүндігінде найзағай ойнап, ал қыркүйектің бірінші жартысында жиі тұман түседі деп болжанған.
Бұған дейін Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланғанын жазған едік.