СҚО-да қыркүйек айында ауа райы қандай болмақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында синоптиктер күздің алғашқы айы – қыркүйектегі ауа райы болжамын жариялады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, ай бойы жылы мен суық температура алмасып тұрмақ. Солтүстіктен келген суық ауа ағындары салдарынан түнгі уақытта үсік жүруі мүмкін.

Айлық орташа температура 10,0… 12,1°С шамасында болжанып отыр. Бұл көпжылдық нормаға ( 10,7… 11,6°С) жуық көрсеткіш.

- Бірінші онкүндікте түнде ауа температурасы 1… 6°С-тан 6… 11°С-қа дейін ауытқып, күндіз 13… 18°С-тан 18… 23°С аралығында болады.

Екінші онкүндіктің алғашқы күндері жылы болады, түнде 2… 7°С-тен 7… 12°С-қа, күндіз 14… 19°С-тен 19… 24°С-қа дейін көтеріледі. Кейінірек салқындап, түнде 0… 5°С, топырақ бетінде –3°С-қа дейін үсік, күндіз 12… 17°С болады, - дейді мамандар.

Синоптиктердің айтуынша, үшінші онкүндікте де салқын ауа райы басым болмақ: түнде 3… 8°С-тан 0… 5°С-қа дейін және –3°С-қа дейін суытып, үсік күтіледі. Күндіз ауа температурасы 17… 22°С-тан 9… 14°С-қа дейін төмендейді.

Ал жауын-шашынға келер болсақ, қыркүйек айында жылдағы нормаға сәйкес - 22–34 мм шамасында және кей жерлерде нормадан көп болуы ықтимал. Жаңбырлы күндер жиі болып, желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Сонымен қатар, айдың алғашқы онкүндігінде найзағай ойнап, ал қыркүйектің бірінші жартысында жиі тұман түседі деп болжанған.

Бұған дейін Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланғанын жазған едік.