Астықты өңір үшін қыркүйек айындағы ауа райы аса маңызды. Жаз бойы еңбектенген диқандар күзде өнімді жинауға кіріседі. Жауын-шашынсыз болса, астықты ысырапсыз жинап алу мүмкіндігі артады.
«Қазгидромет» республикалық кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, қыркүйекте айлық орташа ауа температура 10,2… 11,7°C шамасында болады. Бұл көрсеткіш жалпы алғанда климаттық нормаға жақын. Қыркүйек айының қалыпты орташа температурасы 10,7… 11,6°C аралығында.
- Айдың алғашқы күндерінде өңірде жаздың жылы лебі сезілуі мүмкін. Алайда онкүндік ішінде ауа температурасы біртіндеп төмендейді. бастапқыда түнгі температура 11… 17°C, күндіз 28°C-қа дейін көтерілуі ықтимал. Кейін ауа райы салқындап, күндізгі температура 13… 18°C, жақындайды, - дейді облыстық филиал директоры Қымбат Мерғалимова.
Маманның айтуынша, айдың екінші онкүндігінде түнде температура 1… 6°C-қа дейін төмендеп, топырақ бетінде 2°C-қа дейін үсік болуы ықтимал. Күндіз сынап бағанасы 13… 18°C дейін жоғарыламақ.
Кейін күн қайта жылынуы мүмкін. Түнгі температура 6… 11°C болса, ал күндіз 18… 23°C дейін жылынады.
Сондай-ақ найзағай, шаңды дауыл және дауыл сияқты қауіпті метеорологиялық құбылыстар болуы мүмкін. Желдің екпіні кей кездері 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Қыркүйектің үшінші онкүндігінің басында ауа температурасы тағы да төмендейді. Түнде 1… 6°C, ал облыстың батысы мен солтүстігінде 2°C-қа дейін үсік болуы ықтимал. Күндіз ауа температурасы 8… 13°C шамасында болады.
Кейін температура қайтадан құбылып, түнде 1… 6°C-тан 6… 11°C-қа дейін, ал күндіз 8… 13°C-тан 14… 19°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.
Қыркүйек айында облыс бойынша жауын-шашын мөлшері шамамен климаттық нормаға сай, кей жерлерде нормадан жоғары болуы мүмкін. Айлық норма 22–34 мм аралығында.
Жауын-шашын әсіресе айдың екінші жартысында жиі әрі біркелкі емес түсуі ықтимал. Сондықтан қыркүйек бойы күн ашық әрі жылы кезеңдермен қатар жаңбырлы және салқын күндер де алмасып отырады.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында қыркүйек айының басында ауа райы ыстық болатынын жазған едік.