СҚО-да қыста қайда демалуға болады
Солтүстік Қазақстан облысында Имантау-Шалқар курорттық аймағында 46 туризм нысаны орналасса, соның тоғызы туристерді қыс уақытында да қабылдауға әзір.
СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Айыртау ауданындағы қысқы демалыс базалары бір мезгілде 916 туристі қабылдау мүмкіндігі бар. Мұндағы сұлу табиғат демалушыларды ғана емес, сонымен қатар соңғы жылдары туризм саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерді де қызықтырып, курорттық аймақтың танымалдығы артып келеді.
- Қыста өңірге келген туристер Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешенге, Айғаным қонысына және Сырымбет ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музейге, Ботай қонысына барып, аралай алады.
«Солнечный Вип» демалыс орны жыл бойына емдеу-сауықтыру қызметін көрсетеді. Оның ішіне панта ваннасы, панта бөшкесі, фитобөшке, фито-, тұзды ванна, галокамера, ингаляция, аяқтың гидромассажы, ароматерапия, бал қосылған дәруменді шай кіреді. Сонымен қатар, қарағайлы орманда шаңғы тебуге және серуендеуге болады. Монша мен сауна да бар, - дейді басқарма басшысы Дархан Әмрин.
Әуесқой балықшылар үшін Шалқар және Имантау көлдері таптырмас орын. Маманның айтуынша, олар бұл жерге отбасымен келіп, демалысты қызықты өткізе алады.
- Курорттық аймақта «Изумрудное», «Тұрпан», «Көл жағасындағы үй», «Адам», «Адель», «Қазығұрт», «Имантау», «Заря» демалыс базалары және «Зейнеп» көпсалалы колледжі қызметтерін ұсына алады.
Олардың ішінде Шалқар көлінің жағасында орналасқан «Изумруд» демалыс аймағын атап өтуге болады. Бұл орталық 100 орындық, 120 орындық мейрамхана, 3 монша бар. Шаңғы және коньки теуіп, тюбингпен сырғанау үшін, аэрошана, квадроциклдермен серуендеу үшін жақсы жағдай жасалған.
Имантау көлінің жағасында орналасқан «Адель» ойын-сауық орталығы 105 адамды қабылдай алады. Келген қонақтарға 60 орындық дәмхана жұмыс істейді, монша бар, көлде мұздай суға түсетіндер үшін арнайы орын жарақтандырылған. Мұнда да белсенді демалысты жақсы көретіндер қарағайлы орманда квадроцикл, аэрошаңғымен серуендеп, коньки және шаңғы тебе алады, - дейді Дархан Әмрин.
Биыл Айыртау ауданында қысқы туризм нысандарының саны екеуге артып отыр. Енді өңір тұрғындары мен қонақтар Ақкөл көлінің жағасындағы жаңа «Заря» демалыс базасында да демала алады. Нысан 50 адамға арналған. Лобаново ауылында «Зейнеп» көпсалалы колледжі де қонақтарды қарсы алуға дайын. Мұнда 27 қонақүй бөлмесі бар, тамақтандыру қарастырылған.
Петропавлға келген меймандар элиталық отбасылық «Green park» қонақ үй-саябағында демалысты өткізе алады. Саябақ аумағында премиум-класты: 5 бір қабатты, 3 екі қабатты, 3 шале бар. Қыста жылы беседкалар, квадро-монша, караокесі бар сауықтыру моншасы бар. Демалушылар кәуап қуырып, жылытылатын бассейнде суға шомыла алады. Қонақтарға ыңғайлы болу үшін 2 үлкен ашық бассейн салынған. Төбешіктен сырғанап, шаңғы тебуге болады. Понимен, хаски иттерімен серуендеуге болады.
- Былтыр «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас жоспарын бекітті. Қазір ұлттық парк аумағында жер учаскелерін алған 16 инвестор жыл бойы жұмыс істейтін заманауи эко-қонақүйлер мен глэмпингтер салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп жатыр. Осы мақсатқа 3,7 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Жобаны 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарланған. Осылайша, туристер жыл бойы демалатын нысандардың санын ұлғайту және ұсынылатын қызмет спектрін кеңейту міндеті тұр, - дейді басқарма басшысы.