СҚО-да қызылшаға қарсы вакцина егу үшін 250-ден астам бригада құрылды

Солтүстік Қазақстан облысында қызылша жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Ауырған 75 адамның шамамен әр үшіншісі – ҚР Ұлттық ұланы академиясының курсанты. Инфекцияның алдын алу үшін өңірде вакцинация белсенді жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, қызылшаның зертханалық расталған 75 жағдайы тіркелді, ауырғандардың 68-і – Петропавл тұрғыны. Жекелеген жағдайлар Аққайың, Айыртау Мамлют, Қызылжар және Жамбыл аудандарында тіркеліп отыр.

«Вирусты жұқтырғандардың 29-ы – Ұлттық ұланы академиясының курсанты, ал жалпы 14 жасқа дейінгі 26 бала ауырған. Одан кейін 15-19 жастағы 23 адам, 20-29 жастағы 14 адам қызылшаны жұқтырған. Сырқаттанғандардың арасында 50-ден асқан екі адам бар. Жалпы ауырғандардың 79% қызылшаға қарсы вакцина алмаған», - дейді Әсет Жұматаев.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтің айтуынша, өңірде қызылша жұқтырғандардың жағдайы орташа, жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ.

«Қазір 48 адам стацонарлық ем алып жатыр. Оның 18-і – бала. Облыс бойынша сырқаттанғандарға арналған 181 орын бар. Ал вакцинациялауға келер болсақ, өңірде 256 екпе жасау бригадасы құрылды. Олардың 86-сы көшпелі. Осы уақытқа дейін 3540 адам вакцина салдырды. Екпе алудан қорқудың қажеті жоқ. Тексерілген препаратты қолданып жатырмыз. Он жылдың ішінде екпеден кейін асқыну фактісі тіркелмеді», - дейді Құмар Күсемісов.