СҚО-да қызылшаға қатысты жағдай тұрақты

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында 12 адамға қызылша диагнозы қойылды.  

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр ұқсас кезеңде 16 адам қауіпті инфекцияны жұқтырған.

Жалпы 2025 жылы қызылшамен ауырудың зертханалық расталған 70 дерегі тіркелсе, 2024 жылы 331 адам дәрігер көмегіне жүгінген.

Әдеттегідей сырқаттанғандардың тең жартысы – Петропавл тұрғындары. Сондай-ақ, Мамлют және Уәлиханов аудандарында 2 адамнан, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан және Қызылжар ауданында бір адамда анықталған.

Мамандардың айтуынша, қызылша – ауа-тамшы жолы арқылы тез таралатын, аса жұқпалы вирустық ауру. Бұл инфекция аса ауыр асқынуларға әкелетіндіктен қауіпті дерттердің қатарында. Соның ішінде мидың қабынуына - энцефалит, өкпенің қабынуына, ортаңғы құлақтың қабынуына - отитке себеп болуы мүмкін. Кей жағдайларда өлімге де әкеледі.

Медицинада қызылшаны толықтай емдейтін арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Сондықтан бұл дерттің алдын алу үшін екпе қойылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы қызамық пен эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Аталған вакцина 10 жылдан астам уақыт бойы Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесі аясында 1 жаста және 6 жастағы балаларға салынып келеді.

Бұған дейін Санитариялық бақылау комитеті елімізде қызылшаның қайта өршуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасап, екпе алуға шақырғанын жазған едік.