СҚО-да қоғамдық көлік жүргізушісі мас күйінде ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 128 дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ел аумағында 10 күндік «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Операцияға патрульдік және әкімшілік полиция, учаскелік полиция инспекторлары және барлық жетекші қызметтер тартылған. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – жүргізушілердің және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Операция барысында қоғамдық көліктің техникалық жай-күйіне де мониторинг жүргізіледі. Осыған орай Петропавлда және аудан аумақтарында арнайы рейдтер мен тексерістер басталды. Тек қалалық және қалааралық бағытта жүретін автобустар ғана емес, такси қызметтерінің автокөліктері де тексеріледі.

Жедел-профилактикалық іс-шара басталған екі күннің ішінде облыс жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 128 дерегі анықталды. Оның 35-і рульде телефонмен сөйлесуге, 19-ы маневр жасау ережелерін бұзуға, 9-ы техникалық тексерістен өтпеген автоны пайдалануға қатысты. Сондай-ақ, бір жүргізуші көлікті мас күйде басқарғаны үшін ұсталды.

Биыл тек қаңтар айында облыс аумағында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 6 адам қаза тауып, 20 адам жарақат алған. Ал жолаушылар көлігінің қатысуымен ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ.

«Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 2 наурызға дейін жалғасады.