СҚО-да көкжөтелмен сырқаттану төрт есе төмендеді

Фото: Pexels

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында былтыр өте жұқпалы дерт — көкжөтелмен 29 адам ауырды. Биыл бір адамға ғана осы диагноз қойылды.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы көкжөтелмен ауырудың 120 дерегі тіркелген.

Көкжөтел былтыр облыстың 7 ауданында анықталды. Сырқаттанғандардың 72% немесе 21 жағдай Петропавлға тиесілі. Ал, Қызылжар және Айыртау аудандарында 2 адамнан, Жамбыл, Аққайың, Есіл және Мағжан Жұмабаев аудандарында 1 адамнан жұқтырған. Барлық жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген.

— Сырқаттанғандардың 93% екпе алмаған балалар. Олардың ата-аналары вакцинациядан бас тартқан. Көкжөтелден қорғанудың жалғыз тиімді жолы — вакцинация. Алғашқы екпе балаға 2 айында қойылады. Ол дифтериядан, сіреспеден, полиомиелиттен, В гепатитінен және Б типті гемофильді инфекциядан қорғайтын аралас вакцина егіледі. Кейін 1 ай аралығымен екі екпе және 18 айлық жаста, одан кейін 6 жаста жалғастырылады. Вакцинацияны тіркелген емханадан тегін алуға болады, — дейді департамент басшысының орынбасары Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, көкжөтел — ауыз қуысында, мұрында және көмейде болатын, Bordetella pertussis бактериясы тудыратын өте жұқпалы тыныс алу жолдарының ауруы. Басты белгісі — ұзаққа созылған, түнде күшейетін жөтел.

— Екі жасқа дейінгі балалар мен қарт адамдарда асқынулар жиі болады. Дегенмен кез келген жаста ауру әл-ауқатты айтарлықтай нашарлатуы мүмкін. Көкжөтелдің белгілері жоғарғы тыныс жолдарының бактериалды инфекциясына ұқсас. Дене қалтырап, +38° дейін ыстығы көтеріледі. Әлсіздік, бұлшықеттердегі «ауырсыну», бас ауруы болады. Мұрыннан су ағып, бітеледі, құрғақ жөтел, шырышты қабықтың ісінуі байқалады. Ауырудың 10–14 күнінде жөтел күшейе түсіп, қою қақырық бөлінеді немесе құсады. Түнде жөтелден бет көгереді, мойын тамырлары ісінеді, — дейді Арман Күшбасов.

Қоздырғышы инфекция жұқтырған адаммен тығыз байланыста болған кезде ауа-тамшы жолымен беріледі. Науқас адам 30 күн бойы инфекцияны таратуға қабілетті.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, дерт әдеттегі жөтелге қарсы дәрі-дәрмекпен емделмейді. 

Бұған дейін Қызылордада көкжөтел 34,8 есе азайғанын жазған едік.