СҚО-да көлдегі мұз үстінде қалған 5 балықшы құтқарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Үлкен Тораңғұл көлінен мұз үстінде қалған бес балықшы құтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 12 сәуір күні түс шамасында болған. Үлкен Тораңғұл көлінің маңындағы құтқару бекетіне көмек сұраған балықшылар хабарласады. Су қоймасының жанында күнделікті кезекшілік атқаратын құтқарушы Вячеслав Яковлев мұздың бетінде жағадан алыстап бара жатқан бес балықшыны көреді.

«Т-40» тракторымен моторлы қайықты суға түсірдім. Балықшылар жағадан 300 метрдей қашықтыққа кетіп қалыпты. Мұздарға соғылмау үшін абайлап отырып жеттім. Олардың қуанышында шек болмады. Айтуларынша, ескерту белгілерін де, мұздың жарылғанын да көрген. Алайда, үстіне шығып, балық аулаған. Қызығына батқандары сондай, мұздың жағадан кетіп қалғанын байқамай қалыпты», - дейді құтқарушы Вячеслав Яковлев.

Мұздың үстінен балықшылардың әрқайсысын бір-бірлеп шығаруға тура келген. Құтқару операциясы 1,5 сағатқа созылды.

Балықшылар Үлкен Тораңғұл көлінің маңындағы Корнеевка елді мекенінің тұрғындары екен. Құтқарылған 55 пен 72 жас аралығындағы ер адамдар 20 жылдық еңбек өтілі бар құтқарушыға алғыстарын жаудырды.

«Үлкен Тораңғұл - балықшылардың сүйікті көлі. Көпшілік ескертуге құлақ аспай жатады. Мұздың үстіне автокөлікпен шығып кететіндері де бар. Өз өмірлерін қауіпке тігеді. Әсіресе, қазіргідей көктем уақытында, бетіндегі мұз жарылып, еріп жатқанда өзен-көлдерге барып балық аулау қауіпті», - дейді құтқарушы.