СҚО-да көлігіне жалған нөмір таққан ер адам сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көлікке жалған нөмір тағып жүрген ауыл тұрғыны 3 тәулікке қамауға алынды.
СҚО сотының мәліметінше, Уәлиханов ауданының тұрғынын жол полициясы тоқтатып, құжаттарын тексерген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаға сай, М. есімді ер адам «ВАЗ 2111» маркалы автокөлігін жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен басқарған.
Сот отырысында жүргізуші өз кінәсін мойындамады. Айтуынша, өзі басқарған «ВАЗ 2111» автокөлігінің көлік құралын тіркеу куәлігі жоқ. Машинаны ауызша келісім арқылы сатып алған.
Сот қаулысымен М. ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.
Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова салада жаңа жылда қандай өзгерістер болатынын айтқан еді.