СҚО-да колледж студенті «Жабайы жануарларды азықтандыр» атты челлендж бастады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының 16 жастағы тұрғыны Станислав Гвоздев ашыққан жабайы жануарларды қоректендіріп жүр. Бұл бастаманы жасөспірім оқитын оқу орны да қолдап, «Жабайы жануарларды азықтандыр» атты челленджге қатысып жатыр.

Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

Станислав Гвоздев СҚО Қызылжар ауданы Рассвет елді мекенінің тұрғыны. Қазір Петропавлдың Борки кентінде орналасқан Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық жоғары колледжінің 1-курсында оқиды. Болашақ мамандығы көлік жөндеумен байланысты. 

Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

«Үйге демалыста жиі барам. Жол бойында ашыққан еліктер жиі ұшырасады. Оларға қалың қардан азық тауып жеу қиын. Кейбірі, ашыққаннан әлсіреген. Сондықтан жануарлар көктемге аман-есен жетуі үшін азықтандыру керек деп шештім», - дейді Станислав Гвоздев. 

Ұлының бастамасына әкесі қолдау көрсеткен. Олар жеңіл көлікке шөп артып алып, еліктер жүретін жерлерге шөп салынған қаптарды тастап, жем шашып кетеді.

Фото: СҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

«Ата-анам ауылда мал ұстайды. Жаз бойы біз әкеммен бірге малға жем-шөп дайындаймыз. Жабайы жануарларға беріп жатқан шөп – осы жазда дайындаған қорымыз. Әр демалыс сайын ауылға жақын орманға қарда жүргіш көлікпен барып, шөп-жем тастап кететінмін. Бірақ алдыгүні техникам сынып қалды. Сондықтан шөпті жол бойына тастауға тура келді. Маған бұл істе ата-анам көмектеседі», - дейді Станислав Гвоздев. 

Студенттерінің «Жабайы жануарларды азықтандыр» атты челлендж бастағанын білген оқу орны енді оған қолдау көрсетпек. Ертең колледждің ұстаздары мен студенттері орманға барып, жабайы жануарларға азық қалдырмақ.