СҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бүгінде өңірде 274 кәсіпорын мен 18 колледждің арасында 1,4 мыңға жуық үшжақты шарт жасалған. Яғни, колледж, студент және жұмыс беруші өзара міндеттеме алады.
Өңірде дуальды оқытудың жол картасы жасалған. Бизнес өкілдері оқу бағдарламаларын қалыптастыруға қатысып, білім беру мазмұнын еңбек нарығының нақты талабына бейімдеуге атсалысады.
- Палата сарапшылары колледждерге білім беру бағдарламалары мен факультативті пәндерді жұмыс берушілердің талаптарына бейімдеуге көмектеседі. Бизнес өкілдері колледждердің консультативтік және біліктілік комиссияларының құрамына кірген, - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Дуальды оқытудың тағы бір пайдасы - колледж оқытушыларының да өндірістен қол үзбеуі. Арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері жыл сайын облыстағы кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді.
Ал студенттерге өндірісте жетекшілік ететін тәлімгерлер арнайы дайындықтан өтеді. Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Тәлімгерлік мектебінде бүгінде 253 тәлімгер оқып, сертификат алған.
Мұндай жүйенің студент үшін басты артықшылығы - оқу кезінде өндірістік тәжірибе жинақтайды, еңбек өтілі есептеледі, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Өңірде дуальды оқытуды алғашқылардың бірі болып енгізген оқу орындарының бірі - Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі.
Мұнда техникалық және құрылыс мамандықтарында оқитын жастар оқу уақытының 60-70% әлеуметтік серіктестердің өндірістік нысандарында өткізеді. Жыл сайын шамамен 600 студент 31 кәсіпорынның базасында тәлім алады.
- Студенттер алған білімін практикада қолданып, кәсіби тәжірибесін шыңдайды. Осылайша олар оқу бітіргенге дейін-ақ еңбек жағдайына бейімделеді. Біздің түлектер негізінен өндірістік практикадан өткен кәсіпорындарына жұмысқа орналасады, - дейді колледж директорының орынбасары Сәуле Ерханова.
Келер жылы колледжді 88 студент аяқтайды, олардың арасында шебер-құрылысшылар, электргазбен дәнекерлеушілер, газ жабдықтарының слесарлары, аспаздар мен кондитерлер бар.
«Ash stroy» ЖШС жыл сайын Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенттерін өндірістік практикаға қабылдайды. Қазір компанияда үшінші курста оқитын бес студент тәжірибеден өтіп жатыр.
- Студенттерді ыстық тамақпен және толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етеміз. Жалақылары 200 мың теңгеден басталады, - дейді компанияның өндіріс шебері, прораб Дамир Шакубаев.
Бұған дейін Қазақстанда еңбек нарығында сұранысы өзгерген мамандықтар бойынша кадр даярлау жүйесі қайта қаралып жатқанын жазған едік.