СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданы аумағындағы Имантау-Шалқар курорт аймағында 48 демалыс орны, 3 балалар сауықтыру орталығы бар, сондай-ақ демалушыларға 516 үй жалға беріледі.
«Имантау» және «Шалқар» демалыс аймақтарының әрқайсысына 4 учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Туристер санының артуына байланысты жақында Айыртау аудандық полиция бөлімінің штаттық құрамына туристік полиция қызметінің 2 инспекторы қосылды.
Олар қазақ-орыс тілдерімен қатар ағылшын тілін меңгерген. Тәртіп сақшылары шетелдік туристерге елде болу ережелерін түсіндіреді, туризм нысандары әкімшілігімен үнемі тығыз байланыста. Осылайша, туындаған жағдайларға жедел әрекет етеді.
- Негізгі міндеттері – туристердің, соның ішінде шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға қатысты құқықбұзушылықтарға жол бермеу, курорт аймақтарын тұрақты патрульдеу. Курорттық аймақта 8 патрульдеу бағыты бар, оның 6-уы жаяу, 2-уі автокөлікпен жүзеге асырылады. Патрульдеуге учаскелік инспекторлар да тартылған, - дейді полицейлер.
Бұған дейін СҚО-да сарапшылар жаңа алаяқтық тәсілдерді атаған еді.