СҚО-да көпқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні қарсаңында 126 солтүстікқазақстандық баспаналы болды. Жаңа пәтерге ие болғандар - халықтың әлеуметтік аз қамтылған санатына жататын азаматтар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тоғыз жыл баспана кезегінде тұрған Сергей мен Татьяна Лихтенвальд бұған дейін әркімнің үйін жағалап, жалға алып келген еді. Енді, өз шаңырақтары бар. Бескөлде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған 3 қабатты тұрғын үйден жас отбасыға бір бөлмелі пәтер бұйырды. Бүгін олар алғашқы қонақтарын қарсы алмақ. Татьяна мектепте аспаз болып еңбек етеді. Ал, Сергей зауытта оператор.

«Мен жұмыста болғам, әйелім телефон шалып, бізге пәтер береді деді. Бастапқыда түсініксіз сезімде болдым, не қуанарымды, не жыларымды білмей қалдым. Әрине, жұмыс жайына қалды»,- дейді жаңа пәтер иесі Сергей Лихтенвальд.
 

Үш қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі жылдың ішінде бой көтерді. Республикалық бюджеттен шамамен 200 млн теңгедей қаржы жұмсалды. Бүгін мереке қарсаңында 30 бескөлдік отбасы облыс әкімінің қолынан пәтер кілттерін алды.

«Осы мерекелерде облыста 40-тан астам әлеуметтік-экономикалық нысан пайдалануға беріледі. Жалпы, Қызылжар ауданы биылғы жылды өте жақсы табыстармен аяқтағалы отыр. Егін орағында әр гектардан 23,6 центнерден өнім алып, облыста бірінші орынға шықты. Түрлі жобалар іске аспақшы. Қытайлық инвесторлар жемазық зауытын салып жатыр, 3 сүт фермасы, кірпіш зауыты салынып жатыр. Биыл 21 әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылыту қазандығына қосылды. Алдағы екі жылда Бескөлдегі сексенге жуық 2-3 қабатты үйлерді осы жылыту жүйесіне қосамыз», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоныс тойын тойлаушыларды құттықтап.
 

Жаңа үй жетімдерге, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларына берілді. Пәтерлер бір бөлмелі. Тұрғындар 36 шаршы метрлік баспана үшін 5 жыл бойы айына 5 мың, 44 шаршы метр үшін 6,5 мың теңге төлеп отырады. Мерзім өткесін жекешелендіре алады. Ал, келесі жылы Бескөлде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарда бар. Қазір құжаттары әзірленіп жатыр.

Ал, Петропавл қаласында пайдалануға берілген көпқабатты үй жаңа «Береке» ықшамауданында бой көтерген. 96 отбасыға пәтер кілттерін өңір басшысы табыс етті.  «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған баспана 1,2,3 бөлмелі. Аумағы 35-70 шаршы метрден. Ал, бір шаршы метрінің құны - 137-139 мың теңге шамасында.

Былтыр СҚО-да 1300-ден астам пәтер берілсе, биыл 1600 отбасы жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алмақ.