СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 5 қараша күні сағат 19.00 шамасында болған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Константин Пеньков пен Руслан Касимов «Астана-Петропавл» автожолында кезекшіліктерін атқарып жүріп, жол шетіндегі жанар-жағармай станциясының аумағында «Toyota Corolla» автокөлігінің жанында тұрып, жанжалдасқан жігіт пен қызды байқап қалады.
Заң бұзушылықтарға жол бермес үшін тәртіп сақшылары жастарға жақындап, жағдайды сұрағанда, жігіт «бәрі дұрыс» деп сендірмек болған. Кейін полицейлер жігіттің кенеттен көпір жаққа жүгіріп бара жатқанын байқап қалады. Батальон қызметкерлері жедел әрекет етіп, темір қоршауға мініп секірмек болған жігітті ұстап үлгерді. Ал біраздан кейін ашуы басылып, өзіне келген азамат өз әрекетіне өкінішін білдіріп, тәртіп сақшыларына алғыс айтты.
Бұған дейін СҚО-да белгілі спортшының отбасы 23 жастағы жігітті құлдықта ұстағанын жазған едік.