СҚО-да коронавирус жұқтырған екі науқас тұмауратып дәрігерге өзі жүгінген

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында COVID-19 вирусын жұқтырғандардың екеуі бұған дейін ауырғандармен байланыста болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шұғыл штабтың мәліметінше, СҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың біреуі – 1988 жылы туған әйел, қалғандары - 1986, 1989, 1993 жылы туған ер адамдар. Оның үшеуі – Петропавл қаласының тұрғыны болса, төртіншісі Тайынша ауданында тұрады.

ПТР диагностикалық зерттеу нәтижесі бойынша оларда COVID-19 диагнозы расталды. Зертханалық талдаулар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екі тұрғыннан іріктеліп алынды, яғни олар бұған дейін науқастармен жақын байланыста болған.

Ал екеуі суық тию белгілерімен медициналық мекемеге жүгінген. Барлығы Петропавл қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Қазір тиісті ем-дом алып жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы, 11 маусымдағы жағдай бойынша СҚО-да коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 76-ға жетті. Оның ішінде емделіп шыққандар саны — 48.