СҚО әкімдігінің отырысында бүгін өңірдегі коронавирус бойынша жағдай айтылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Аймановтың айтуынша, жыл басынан қауіпті инфекцияның күрт өскені байқалады.
Мәселен 8 қаңтардан бастап жедел жәрдем қызметі 21 мыңға жуық шақыртуға барған. Бір бригадаға артылған жүктеме 23-25 шақыртуға жеткен.
«Ауырғандар санының артуына байланысты мобильді топтар 54-тен 116-ға дейін көбейтілді. Басқармалар мен аудан әкімдіктерінің көмегі арқасында бұл жұмыс дер кезінде атқарылды. Қазір бір мобильді топ тәулігіне 19-22 шақыртуға барады. Желтоқсан айында 2951 шақырту болса, өткен айда оның саны 11 126-ға жетті. Оның 393-інде пневмония, 6 338-інде жедел респираторлық вирустық инфекция болған. Сырқаттанған тұрғындар емханаларда ашылған Call орталықтарға да хабарласа алады. 21 орталықта 71 адам жұмыс істейді. Күнделікті 3 мыңға жуық қоңырау қабылданады. Олардың міндеті сырқаттардың емін бақылауда ұстау, нашарлаған жағдайда мобильді топтарды жіберу. 8 қаңтар мен 8 ақпан аралығында 63 136 қоңырау қабылданған, салыстыру үшін айтайық, желтоқсанда мамандарға 17 мың қоңырау шалынған», - дейді Нұрлан Айманов.
Жалпы амбулаторлық сырқаттардың саны 6,3 есеге өсіп, 3 899-ға жеткен. Науқастар көбейгенімен стационарлардағы адам саны 2,7 есе ғана артты.
Желтоқсан айында 168 сырқат болса, қазір 450 адам ем алып жатыр. Маманның айтуынша, стационарларға күнделікті 50-60 адамнан түседі.
«Қазіргі уақытта 22 сырқаттың жағдайы ауыр. Бұл барлық жатқызылған науқастардың 5 %-ы. 204 сырқат медициналық оттегіге тәуелді. Жыл басынан КВИ-ден 29 адам қайтты. Желтоқсанда қайтыс болғандардың саны – 65», - дейді Нұрлан Айманов.