СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде маусым айында коронавирус жұқтырудың 503 жағдайы тіркелсе, шілдеде бұл көрсеткіш күрт артып, 2 601-ге жетті. Ал тамыз айынан бері облыста 3 758 адам ауырды. Оның жартысына жуығы – 1 657 жағдай Петропавлдың үлесінде. Аудандардың арасында ең көп ауырғандар – 375 адам Қызылжар ауданында тіркелген. Ал Айыртау ауданында ай басынан бері 349 адам ауырса, ең азы – 44 адам Тимирязев ауданында тіркелді.
Қазір өңірде тәулігіне орта есеппен коронавирус жұқтырған 160 адам анықталады. Бүгінде 798 адам инфекциялық стационарларда ем алып жатыр, олар 47 %-ға толған.
Індет басталғалы СҚО-да 107 адам қауіпті вирустан қайтыс болды. Соңғы он күн ішінде 25 адам көз жұмды.
Өткен тәулікті 159 адамда коронавирус анықталса, жалпы барлық ауырғандар саны облыста 21 403-ке жетті.