СҚО-да COVID-19-бен ауырып шыққандарға арналған сауықтыру курсы облыстық көп салалы аурухананың оңалту бөлімшесінде ашылған. Қыркүйек айынан алғашқы сырқаттарды қабылдай бастады. Осы уақытқа дейін бұл жерден 200-ден астам науқас ем алып шықты.
«Әрине, КВИ-мен ауырғандардың барлығын бірдей қабылдай алмаймыз. Оңалтудан бірінші кезекте COVID-19-дың салдарынан өкпесі қабынып, салдарынан тыныс алу жүйесі зардап шеккендер, демікпе қалып, демалу функциясы бұзылғандар, фиброз диагнозы қойылғандар өтеді. Облыста коронавирус жұқтырған 8 мыңға жуық адам тіркелсе, соның шамамен жартысы оңалтудан өтуді қажет етеді», - дейді СҚО көпсалалы аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног.
Сауықтыру курсы екі аптаға шақталған.
«Сырқаттарды оңалту бағдарламасына физиоем, емдік денешынықтыру, массаж, демалу гимнастикасы, түрлі ингаляциялар кіреді. Галокамераны қолданамыз. Диетатерапия, дәрі-дәрмекпен емделеді. Егер коронавируспен ауырып болғаннан кейін денсаулығында кінәрат қалса, емханаға көрініп, оңалту курсынан өтуге жолдама алу керек», - дейді бас дәрігер.