СҚО-да ҚР аумағында құжатсыз тұрып келген 5 359 азамат жауапкершілікке тартылды 

Фото: СҚО Полиция департаменті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - СҚО-да ҚР аумағында құжатсыз немесе тіркеусіз тұрып келген 5 359 азамат жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Жаз — бұл демалыс уақыты ғана емес, халықаралық транзит артатын, сондай-ақ шетелдіктердің еңбек күшін пайдалану жиілейтін маусым. Шекараға жақын Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон жағдайын бақылау полиция департаменті жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Полицейлер шетелдік азаматтардың жиналатын орындарын, құрылыс нысандарын және басқа да орындарды үнемі тексеріп отырады.

«Маусым айында полиция қызметкерлері Жамбыл ауданының аумағында заңсыз еңбекпен айналысу фактісін анықтады. Салынып жатқан объектіде еңбектеніп жүрген Өзбекстан Республикасының бес азаматының жұмыс істеуге рұқсаты болмаған. Нәтижесінде шетелдіктерді де, олардың жұмыс берушілерін де әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданды. Сот шешімімен шетелдік бес азаматтың барлығы Қазақстан Республикасынан шығарылды», — делінген хабарламада.

СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Талғат Әбіловтің ақпараты бойынша, 6 ай ішінде халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 201 шетелдік және 38 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан СҚО-да көші-қон қызметі бөліністерінің қызметкерлері Қазақстан аумағында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін 5359 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалардың тарапынан халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзудың 302 дерегі тіркелді. Ел аумағынан 57 шетелдік шығарылды.

Құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесуден бөлек, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы мемлекеттік қызметтердің 12 түрін көрсетуді жалғастыруда. Алты ай ішінде азаматтығы жоқ 573 адам тұруға ықтиярхат пен куәліктер алған. Жеке куәлік жасауға 20054 өтініш және 12320 паспорт рәсімделді. Жыл басынан көші-қон қызметі ҚР-да уақытша болуға 3600-ден астам рұқсат қағазын берді. Өңірдегі көші-қон жағдайы ерекше бақылауда.