СҚО-да КСРО паспортымен жүрген 6 адам жаңа құжат алды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қызыл паспортпен жүрген 6 адам жаңа құжат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да әлі күнге ескі қызыл паспортты жаңа жеке куәлікке ауыстырмағандар бар.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданының полиция бөліміне шалғайдағы Новороссийское елдімекенінің 53 жастағы тұрғыны жүгінген.

Ол уақтылы қазақстандық төлқұжат алмаған, ал бұрынғы 1974 жылғы үлгідегі ескі төлқұжатты жоғалтып алған.

Көші-қон қызметінің қызметкері Махаббат Сейітова қысқа мерзім ішінде оның азаматтығын растап, тиісті рәсімдерді жүргізді. Ақпан айының басында ауыл тұрғыны алғаш рет Қазақстан азаматының жеке куәлігін алды.

Сондай-ақ, полицейлер оған шаруа қожалығына механизатор болып жұмысқа орналасуына көмектесті. Ер адам Instagram әлеуметтік желісінде тәртіп сақшыларына алғысын жеткізді.

СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбіловтің айтуынша, қаңтар айының ішінде көші-қон қызметі бөліністері алты солтүстікқазақстандыққа ескі үлгідегі төлқұжаттардың орнына қазақстандық жеке куәлік берген.

Өткен жылы СҚО-ның 47 тұрғыны қызыл төлқұжаттарын қазақстандық жеке куәлікке ауыстырған.

Сонымен қатар, полицейлер не кеңестік, не қазақстандық құжат алмаған 39 адамның құқықтық мәртебесін реттеуге көмектесті.

Тәртіп сақшылары КСРО төлқұжатын уақытында ауыстырмаған, сондай-ақ әлі күнге туу туралы куәлікпен жүрген адамдардың көші-қон қызметіне жүгінуі қажет екенін еске салады.

Ол жерде мамандар ҚР азаматтығын анықтау үшін құжаттар жинауда жан-жақты көмек көрсетеді.

Қаңтар айы ішінде СҚО-да 3177 адам құжаттандырылды.