Оқиға 8 қыркүйек күні болған.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының маңында карьер қазып жатқан экскаватор операторы жерден сүйектерді алып шыққан.
- Сүйектерден қылмыстық сипаттағы белгілер анықталмады. Олардың шығу тегін және осыған қатысты өзге де мән-жайларды анықтау үшін сараптама тағайындалды. Қорытынды шешім сараптама нәтижелері бойынша шығарылады, - дейді полиция өкілдері.
Оқиға орнына белгілі археолог Анатолий Плешаков та барды.
- Екі адамның бас сүйегі ерте кезеңге жатады, әзірге айту қиын. Ал үшінші бас сүйек жүндес мүйізтұмсықтыкі. Мұз дәуірінде өмір сүрген, денесін қалың жүн басқан жануар.
Өңірде оның сүйектері бұған дейін де табылған. Жүндес мүйізтұмсық қаңқасының бөлшектері облыстық тарихи-өлкентану музейінде сақталған, - дейді Анатолий Плешаков.
Археологтың айтуынша, табылған сүйектер құнды, зерттеуді қажет етеді.
Бұған дейін СҚО-ның Имантау курорттық аймағында төрт мың жыл бұрынғы қоныс табылғанын жазған едік.