Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, былтыр Тайынша, Ақжар және Есіл аудандары жергілікті атқарушы органдарының алты қызметкері құмар ойындарға әуестігі үшін жұмыстан шығарылған. Биыл осы себеппен өңірде тағы үш адам қызметінен кетті.
— Мемлекеттік қызмет — жоғары жауапкершілік пен мінсіз тәртіпті талап ететін сала. Алайда соңғы уақытта қызметтік әдепке көлеңке түсіретін жағдайлар азаймай тұр. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындарға тәуелділік алаңдаушылық туғызатын мәселеге айналды.
Заңнамаға сәйкес мұндай әрекет мемлекеттік қызметшінің абыройына нұқсан келтіріп қана қоймай, қызметтен босатуға дейін апаратын өрескел тәртіптік бұзушылық болып саналады, — дейді департаменттің бас маманы Диана Салғарина.
Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және әдеп талаптарын сақтау мәселелері тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл жолы мамандар облыстық Тексеру комиссиясының қызметкерлерімен кездесіп, семинар өткізді.
— Қатысушыларға лудоманияның адам өміріне, отбасы мен қоғамға зардабы туралы арнайы бейнеролик те көрсетілді. Құмар ойын қаржылық қиындықтарға ғана емес, беделден айырылуға, психологиялық тәуелділікке және әлеуметтік мәселелерге әкелетіні белгілі, — дейді Диана Салғарина.
Бұған дейін Шымкент тұрғынының заңсыз ойын бизнесінен 2,8 млрд теңге тәркіленгенін жазған едік.