СҚО-да күн сайын орта есеппен 3 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл мас жүргізушілердің кінәсінен 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 1 адам мерт болып, 25 адам жарақат алды.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 53 жастағы тұрғыны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Ол мас күйде көлік жүргізген.

Полицейлер «Hyundai Accent» автокөлігін мінген ер адамды К. Сүтішев көшесіндегі сауда үйлерінің бірінің автотұрағында тоқтатты. Алдымен ол кінәсін мойындамаған. Алайда медициналық куәландыру жүргізушінің мас күйде болғанын көрсетті.

8 ай ішінде СҚО-да рейдтер мен жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында полицейлер мас күйде көлік басқарған 776 жүргізушіні анықтады. Бұл - күніне орта есеппен 3 жүргізуші.

Бұған дейін Абай облысында мас күйде көлік айдаған 370 жүргізуші ұсталғанын жазған едік.