СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы күнге дейін кене шаққан 98 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 34-і - 14 жасқа дейінгі балалар.
Мамандар кене шаққан жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет екенін ескертеді. Бұл ауыр салдардың алдын алуға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Кене энцефалиті - кененің шағуы арқылы берілетін вирустық ауру, ол ми мен жұлынды зақымдауы мүмкін. Бұл дерт күрделі асқынуларға әкелуі ықтимал, сондықтан кенеден қорғану өте маңызды.
- Кенеге қарсы профилактика шаралары қарапайым әрі қолжетімді. Соның бірі – екпе алу. Екіншіден, кененің шағуына жол бермеу, ол үшін табиғат аясына шыққанда киім жабық, ашық түсті, жеңі ұзын болуы тиіс. Репелленттер сияқты кенелерге қарсы арнайы құралдарды да пайдаланған жөн. Ал орманнан, даладан келгеннен кейін өзіңізді және балаларды үнемі тексеріп отыру қажет, - дейді мамандар.
Бұған дейін ШҚО-да кене энцефалитіне қарсы 1300 гектардан астам аумақ өңделетінін жазған едік.