СҚО-да қураған шөпті өртеу салдарынан үш үй жанып, екі адам зардап шекті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Золотая Нива елді мекенінде былтырдан қалған сабанды жағудың салдарынан екі тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 19 сәуір күні болған. Мағжан Жұмабаев ауданы Булаев қаласындағы өрт сөндіру қызметіне сағат 14.54 минут кеткенде Золотая Нива елді мекенінің маңында құрғақ шөптің жанып жатқандығы жайында хабар түседі. Мамандар жеткенше дейін ерікті өрт сөндіру құрылымдары жалынмен күресті бастап кеткен екен.

«Өртті ауыздықтау үшін К-700 тракторын тартқан. Жалпы 1200 шаршы метр аумақты жалын шарпыды. Тек сағат 17.30 ғана толық сөндірілді. Өрт сөндіру барысында екі адам зардап шекті. Оның біреуі 1977 жылғы ер адам. Жалынмен арпалыста омыртқасына зақым келді. Қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданындағы орталық ауруханада ем алып жатыр. Екіншісі 1974 жылғы тұрғын. Бел омыртқасын соғып алған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды. Иесіз тұрған үш үй жанып кетті», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Тағы бір өрт бүгін сағат таңғы 6.30-да М. Жұмабаев ауданындағы Изобильное елді мекенінде тіркелді. Белгісіз біреулер құрғақ шөпті жағып, ол қатты желдің салдарымен ауылға кіріп кеткен. Салдарынан иесіз тұрған үш үй жанып кетті. Жалпы бұл елді мекенде 7-8 үй ғана қалса, соның біреуінде ғана тұрғындар бар. Өрт толығымен сөндірілген жоқ. Оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр.

«Золотая Нива елді мекенінде алқапта былтырдан қалған сабанды жаққаннан өрт шыққан. Оған қатты желдің салдарынан ие бола алмай қалып, жалын ауылдың шетіне кіріп кеткен. Қазір іс өндірісте. Өрт қойғандар әкімшілік жауапқа тартылады, айыппұл қарастырылған. Соңғы кезде дала өрттері жиілеп кетті. Шаруашылықтар сабанды іске жаратудың орнына немесе шығарып төгудің орнына жеңіл жолды іздеп, өрттейді», - дейді Нұрлан Атығаев.

СҚО-да жыл басынан 4 орман өрті тіркелген, 57 га зақым келді. Бұл өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 4 есе артық. Бұдан басқа жыл басынан облыста құрғақ шөпті жағудан 320 рет өрт шығып, 7 саяжай үйі жанып кетті.