СҚО-да құс фабрикасы өлекселерді жайылымға шығарып тастаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Аралағаш ауылының тұрғындары жаз шыға мал ауруы белең ала ма деп қауіптеніп отыр. Жергілікті құс фабрикасы өлген құсты ауылдың малы жайылатын жерге шығарып тастаған.

Фото: Аралағаш ауылы тұрғындары түсірген фото

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, ветеринариялық қызмет ауылдық округ әкімдігімен бірге бүгін Аралағаш ауылына барды.

Жайылымда құс өлекселерінің шашылып жатқаны расталды. 

Фото: Аралағаш ауылы тұрғындары түсірген фото

Ауыл тұрғындары өлген құсты Аралағаш ауылының жанына 2-2,5 шақырым жерге осы елді мекендегі құс фабрикасының шығарғанын айтып отыр. 

Ветеринарлық заңнамада мұндай әрекетке қатаң тыйым салынған. Өйткені қардың еріп, күннің жылынуымен үй жануарлары мен құстардың жұқпалы ауруларының таралу қаупі бар.

Фото: Аралағаш ауылы тұрғындарынан

Мамандардың айтуынша, мал-құс өлекселелері осы мақсатқа арнайы бөлінген орындарда жойылуы керек. 

Құс фабрикасының басшылығы жер асты суы жоқ аумақта тиісті талапты сақтай отыра өлекселерді көметін болды немесе жағу арқылы жоюға міндеттеме алды.

Фото: Аралағаш ауылы тұрғындарынан

Қазіргі уақытта құс фабрикасы мен Петропавлдағы биоқалдықтарды жоятын серіктестік арасында тасымалдау және өлексені жою қызметін көрсетуге қатысты келісімшарт жасалды.

Сондай-ақ құс фабрикасының басшылығы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 406-бабына сәйкес айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. 

Фото: Аралағаш ауылы тұрғындарынан