СҚО-да құсбегіліктен ересектер арасында ХVІІІ ҚР чемпионаты өтіп жатыр

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 14 өңірдің құсбегілері қатысқан ел чемпионаты басталды, жарысқа 100-ден астам құс қатыстырылып жатыр. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қызылжар төрінде құсбегіліктен ҚР чемпионаты екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы жарыс үш дисциплина бойынша өтіп, спортшылар баптап әкелген бүркіт, қаршыға, ителгілерін қатыстырады. 

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

- Солтүстік өңірде ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде құсбегілікті кеңінен насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Бұл чемпионатты тарихи жағдай деп те айтуға болады. Өйткен жүзден астам құс қатыстырылып отыр. Соның ішінде 62-сі – бүркіт. Әр өңірден келді, танымал спортшылар да бар. Өкінішке қарай чемпионат өтіп жатқан СҚО бұл чемпионатқа қатысқан жоқ. Ақжар ауданында ғана құсбегілік спорт енді дамып келе жатыр. Отбасылық жағдайға байланысты олар келе алмады. Десек те, осындай чемпионаттың осы өңірде өтуі жастарға серпін береді деп ойлаймыз, - дейді ҚР Спорт және дене шынықтыру комитетінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Рамазанова.

Чемпионат екі күнге жоспарланған. 

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

- СҚО-да құсбегілікке қатысты ерекше жыл. Айыртау ауданы, Ботай елінің тумасы атақты бүркітші Мәсіл Батырханұлының 140 жылдығы. ХХ ғасырдың басында ел басына күн туған кезде осы бүркітшілікпен біраз адамды ашаршылықтан аман алып қалған. Осы атамыздың ізбасарлары әлі де болса осы Солтүстік жерінен шығады деп ойлаймын, - дейді Қарлығаш Рамазанова.

Жарысқа әр өңір кемінде 3-4 құс әкелді. Жеңістен үміттілердің бірі – Жамбыл облысының құсбегілері. 

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

- Жамбыл облысынан бес адам үш қаршыға, екі бүркіт әкелдік. Жарысқа дайындықпен келдік. Құсбегілікпен отбасымызбен айналысамыз. 2008 жылы әкем бастады бұл істі. Алдымен қаршығадан бастадық. ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы болдық. Жарысқа бүркіт, қаршығамен қатысып жатырмын. Жалпы бір жылда 6-7 жарыс болады, - дейді қатысушы Бақдәулет Бабажан.

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Бұған дейін СҚО-да құсбегіліктен ересектер арасында өтіп жатқан ХVІІІ ҚР чемпионатына келген бүркітші Тәттімбет Кәпұлын әңгімеге тартқан едік.