СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 ақпан күні сағат 01:30-да «101» жедел арнасына Төлжан ауылдық округі әкімі хабарласып, Көбенсай ауылына жол талғамайтын көлік жіберуді сұрайды. Айтуынша, 60 және 34 жастағы екі әйелге шұғыл медициналық көмек қажет болған. Біреуі қолын сындырып алса, екіншісінде соқыр ішектің белгілері болған.
Ал бірер күн болған боран салдарынан жолды қар жауып қалған. Көмекке жақын орналасқан Талшық ауылының № 8 өрт сөндіру бөлімінен ТРЭКОЛ арнайы көлігі дереу жолға шығарылып, Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауданының орталық ауруханасына зардап шеккендерді аман-есен жеткізді.
Олардың бірі – Урзия есімді әйел қызметкерлерге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.