СҚО-да күйбең тірліктен шаршаған әйел ешкімге ескертпестен демалыс орнына кетіп қалған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үйінен кетіп, қайтып оралмаған 30 жастағы әйел бірер күннен кейін аман-есен демалыс орнынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 шілде күні Петропавлдың 30 жастағы тұрғынына іздеу жарияланды.

Әйел кешкілік уақытта «Lada» автокөлігімен белгісіз бағытта кетіп қалған.

Оның жүрген жерін өздігінен анықтай алмаған туыстары амалсыздан полицияға хабарласып, көмек сұраған.

Жоғалған әйелді іздеуге волонтерлер де ат салысты. Ағын» бейнебақылау жүйесі арқылы көліктің жүріп өткен жолы белгілі болды.

Нәтижесінде іс-түзсіз жоғалған әйелдің Айыртау ауданындағы демалыс орнында болғаны анықталды. Ол бір сәт күйбең тірліктен демалмақ болыпты.

«Айта кететіні, демалыс аймақтарында іс-түзсіз жоғалып кетудің алдын алу бойынша шаралар қабылданған. Полицейлер тұрақты түрде рейдке шығады, демалушылармен түсіндіру жұмысын жүргізеді, табиғатта қауіпсіз жүріп-тұру ережелері туралы айтады. Жолға шығар алдында сапар туралы жақын адамдарыңызды міндетті түрде хабардар етіп, телефонның ақауы жоқ екендігіне көз жеткізіңіз. Өңір тұрғындарынан демалысқа шыққанда барынша жауапкершілік танытуларын сұраймыз», – дейді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Жаз басталғалы солүстікқазақстандық полицейлер хабарсыз кеткен 76 адамның жүрген жерін анықтады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, «жоғалушылардың» саны күн жылысымен артады.

Біреу спирттік ішімдіктерді асыра ішіп, жаңа «достарымен» қызыққа батса, енді бірі туған-туыстарына жоспарларын айтпай, жолға шығып кетеді.

Жыл басынан облыстық полиция бөліністеріне адамдардың із-түссіз жоғалуына қатысты 275 өтініш келіп түскен, бүгінде олардың 270-і табылды.