СҚО-да күзетшілердің көмегімен 25 қылмыстың беті ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында күзет агенттіктерінің қызметкерлері жыл басынан бері 25 қылмыстың және 515 әкімшілік құқықбұзушылықтың ашылуына көмектескен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс бойынша күніне полиция қызметкерлерімен бірге 7 күзет тобының экипажы кезекшілікке шығады. Жедел топтың 23 экипажы өз секторларын күзетіп, кез келген уақытта дабыл сигналына жауап беруге әзір тұрады.

«Мәселен, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында ішімдікке масайған ер адам мен әйел күзетшіге тап берген. Уақтылы қимылдаған күзетші полицияны бірден шақырып, құқық қорғаушылар қоғамдық тәртіпті бұзушыларды алып кеткен. Тіпті қала дүкендерінің бірінде сатушыға 67 мың теңгелік жалған купюра ұсынған адамды бірден ұстаған да осы күзетшілер. Күзет қызметкерлері 36 жастағы бұрын да сотты болған ер адамды полиция қызметкерлеріне тапсырды. Күдіктінің қылмысы дәлелденген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлайды СҚО ІІД баспасөз қызметі.

Құзырлы органның хабарлауынша, күзетшілер күнделікті жұмысында полиция қызметкерлері секілді қауіпті оқиғаларға тап болып жатады.