СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде коронавирусқа қатысты жағдай күрделі. Стационарларға күнделікті 100 адамнан түсіп жатыр.
«Осыған орай ауырғандарға арналған орын санын 1755-ке дейін көбейттік. Қазіргі таңда емдеу мекемелерінде 793 сырқат бар. Соның ішінде 60 сырқаттың жағдайы ауыр, 51-і жансақтау бөлімшелерінде жатыр. 18 адам қарқынды терапия палаталарында емделуде. 400-ден астам адам оттегіге тәуелді, онсыз дем ала алмайды, аппараттарда жатыр. Бүгінде сатурациясы төмен, ентігіп, интоксикациясы бар науқастарды ғана қабылдап, жатқызып жатырмыз. Жазылып шығатындар саны 40-50-ден аспайды, өйткені өздігінен демала алмағандықтан сырқаттарды шығара алмаймыз, - дейді Нұрлан Айманов.
Маманның айтуынша, науқастардың 93 %-дан астамы – екпе алмағандар, сондай-ақ басым бөлігі егде жастағы адамдар. Көпшілігінің ілеспе аурулары бар.
«Қазіргі уақытта бос орындар бар, өйткені барлық аудандарда инфекциялық стационарларды аштық. Жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 1 300-ден астам адам амбулаторияда дәрігерлердің бақылауына алынған. Коронавирус жұқтырған 7 жүкті әйел стационарда, тағы 10-ы үйде ем алып жатыр. Балалар ауруханасына 15 бала жатқызылса, 239-ы амбулаторияда ем алуда», - дейді Нұрлан Айманов.
Жалпы соңғы екі аптада 69 мектептің 120 сыныбы қашықтан оқуға жіберілді. Карантинге жабылған мектептер жоқ. Жаңа оқу жылы басталғалы COVID-19-бен 717 оқушы ауырған. Оның 56-сы ғана қауіпті инфекцияны мектепте жұқтырған.