СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қолға түскен күдіктілер – жергілікті тұрғындар. Олар Тайынша ауданының ауылдары мен аудан орталығында сәуір айының басынан бері әрекет еткен. Жігіттер қоралардан қой ұрлаған.
Айта кетерлігі, мал иелерінің ешқайсысы жануарлардың жоғалғанын өз бетінше байқамаған. Қылмыстар полицияның күнделікті жедел-профилактикалық жұмысы барысында анықталды.
Аудан орталығындағы бейнебақылау камералары күдіктілердің бірінің ұрланған малды «ВАЗ 2112» автокөлігінің жүксалғышы мен салонында тасымалдап, сатып алушыға жеткізгенін тіркеген. 1 мамыр күні, малды өткізгеннен кейін олар бірден ұсталды.
Қазіргі уақытта мал ұрлығының төрт дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Барлығы 23 қой ұрланған. Оның 12-сі сатып алушылардан алынып, иелеріне қайтарылды. Күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы тексеріледі. Сондай-ақ, ұрланған малды сатып алушының жауапкершілігі мәселесі де қаралып жатыр.
Полицейлер ауыл тұрғындарын қырағы болуға, қора-қопсы, малдарын ұрылардан қорғау бойынша өзге де шаралар қабылдауға шақырады. Жыл басынан бері СҚО-да 6 мал ұрлығы тіркеліп, олардың барлығы ашылды.
Бұған дейін Алматы облысында 43 бас мал ұрлаған барымташылар ұсталғанын жазған едік.