СҚО-да мал ұрлығын ашуға квадрокоптер қолданылмақ

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да мал ұрлығымен күресу үшін квадрокоптерлер қолданылмақ. Полицияның аудандық бөліністері дрондарды сатып алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде жыл басынан бері 18 мал ұрлығы тіркелген. Қылмыстың бұл түріне қарсы күрес - облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында. Полицейлердің айтуынша, барымташыларға бірлесе тосқауыл қойған жөн.

«Мал ұрлығы көбінесе малды еркін жайылымға жіберу кезінде жасалады. Мал ұрлығының алдын алуда қолданылатын пәрменді шаралардың бірі - таңба қою және сырға тағу. Аталған шаралар қылмыстарды ашуға көмектеседі, сондай-ақ мал ұрлаушыларға қарсы іс-қимыл жасауда тиімді тетік болып табылады»,- дейді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Айыртау ауданында полиция қызметкерлері жеңіл автокөліктің жүксалғышында екі бұзауды әкетіп бара жатқан ауылдың екі тұрғынын ұстады. Бұзаулар ұрланған болып шықты. Ұсталғандардың осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатысы бары анықталды. Мал иелеріне қайтарылды.

Ал, Уәлиханов ауданында полицейлер екі ай көлемінде қоралардан түнгі уақытта мал ұрлап жүрген күдікті төрт адамды ұстады. Ұрланған 5 қойды қаскөйлер сатып үлгерген, дегенмен тергеу кезінде барлық сатып алушылар анықталды. Барлық жануар иелеріне қайтарылды.

Малдарды қайтарып алуда олардың ені мен қойылған таңбалардың көмегі көп. Жедел уәкілдердің айтуынша, белгі салынған малды тасымалдау ұрлықшыларға оңай соқпайды. Полицейлер деректер базасы арқылы тасымалданып жатқан сиырлар мен жылқыларды тексеріп, иелерін анықтайды. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларымен қабылданып жатқан алдын алу шараларының бірі - бақташы, жергілікті атқарушы орган және мал иелері арасында жасалатын үш жақты шарт. Бұл құжат бақташылардың жауапкершілігін арттыра түседі, өйткені тәжірибе көрсеткендей, кей бақташылардың малды қараусыз қалдыратын жағдайлары да кездеседі екен.

Сонымен қатар, мал ұрлаушылар көбінесе жылқыларды олжалайды, бұны ауыл тұрғындарының ескергені жөн, сенімді сақтық шараларын қолдану қажет. Соңғы кезде аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері өз жұмысында квадрокоптерлерді жиі қолданады. «Ұрланған және жоғалған малды іздеу үшін дрондар жиі қолданылады, қазіргі уақытта аталған аппараттарды аудандық бөліністер сатып алуда», - дейді Петр Климов.

Соңғы жаңалықтар