СҚО-да мал ұрыларынан қорғану үшін жаңа технологиялар қолданылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер мал ұрыларынан қорғану үшін түрлі жаңашылдықтарды өз шаруашылықтарына енгізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданында ірі шаруа қожалықтарының басшылары мен фермерлер мал ұрыларымен күресу үшін техникалық жаңалықтарды пайдаланып жатыр. Аудандағы қосалқы шаруашылықтарда 89 мыңнан астам түлік бар, оның 11 мыңы — жылқы, 75 мыңнан астамы — сиыр мен қой-ешкі.

Профилактикалық жұмыс үшін полицейлер аудандық әкімдік және ветеринария бөлімдерінің өкілдерімен бірлесе ауылдықтармен кездесті. Бос жүрген малдар мәселесі ең өзектілердің қатарында қалып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда малды өсіру және бағу ережелерін бұзғаны үшін 151 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рұқсат құжаттарысыз малды және ет өнімдерін тасымалдағаны үшін 20 әкімшілік хаттама толтырылды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе барлық 13 ауылдық округте қаңғыбас малдарға арналған айыппұл тұрақтары ашылған. Бұл малдарын бос жіберетіндермен күресу мақсатында қолға алынған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, Казанка ауылдық округіндегі «Шатило и К» ЖШС басшысы Олег Адамның тәжірбиесі көпке үлгі. Ол бірнеше жылдан бері «Электронды бақташы» деп аталатын жаңашылдықты қолданып келеді. Жайылым жер тогы аз сыммен қоршалып, онда 1200-дей мал жайылады. Нәтижесінде өрістен мал ұрлау дерегі азайған.

Мал ұрыларымен күресу үшін Жамбыл ауданында 75 мың малға таңба салынған, оның 6 553-і жылқы.

«Пресноредут ауылдық округі әкімінің аппаратымен бірге жылқыларға чип қою бойынша пилоттық жоба қолға алынған. «Турнов» шаруа қожалығында 500 жылқы бар, оның басым бөлігіне чип қойылды. Жылқы малының сырын жақсы білетін кәсіпкер Максим Турнов үйірді бастайтын айғырлардың мойын қарғыларына автономды іздеу құрылғыларын салды. Ол мал иесінің ұялы телефонына қосылған, чиптің көмегімен жылқыларының жүрген жерін, алған бағытын көріп отыруға болады», - дейді аудандық полиция басқармасының бастығы Асан Мейрамов.

Былтыр бұл ауданда небары 2 мал ұрлығы жасалып, оның біреуі ашылды.