СҚО-да малдың қиы кәдеге асатын жоба қолға алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы шаруашылықтардың бірі экологиялық жобаны қолға алып, малдың қиынан органикалық тыңайтқыш өндіруді бастады. 

Фото: Дамир Ескендіров

Меңкесер ауылындағы «Мәмбетов және К» ЖШС егін егіп, мал өсірумен айналысады. Енді шаруашылық малдың қиын егіншілікте қолданбақ.

Жоба – «ірі қара малдың қиын сепарациялау» деп аталады. Түліктің қиы азот, фосфор және калий секілді химиялық элементтерге бай. Табиғи тыңайтқыш қолданылған жерден нәтижесінде екі есе мол өнім алуға болады екен. 

Фото: Дамир Ескендіров

Кәсіпкер қажетті қондырғыны Түркиядан 150 млн теңгеге сатып алған. Қазір ол тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Техниканы қашықтықтан басқаруға да болады.

Фото: Дамир Ескендіров

«Бізге осындай жобаны жүзеге асыру туралы ой 2 жыл бұрын келген. Осы аралықта технологиямен таныстық. Қажетті ақпарат жинадық. Бүгін соның нәтижесін көріп жатырмыз. Іске қосып, алғашқы өнімімізді алудамыз. Бұл тыңайтқыш – 100% табиғи өнім. Ешқандай химиялық қоспа болмайды. Алдымен өзіміздің егістіктерде топырақты құнарландыру үшін пайдаланамыз», - дейді «Мәмбетов және К» ЖШС бас директоры Ойрат Нұрмағамбет.

Фото: Дамир Ескендіров

Қондырғыны жеткізуші компания өкілдері шаруашылыққа келіп, техниканы құрып берді. Айтуларынша, малдың қиы 100% өңдеуден өтеді. Экологиялық жағынан да өте тиімді. Инновациялық жоба СҚО-да алғаш рет қолданылып отыр. 

Фото: Дамир Ескендіров

Бұған дейін облыста 1,2 мың га егіс алқабы су астында жатқанын айтқан едік.