СҚО-да Мамлютка қаласының тұрғыны бақшасынан снаряд тауып алды

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласының тұрғыны бау-бақшасында жұмыс істеп жүріп жарылғыш затқа ұқсас зат тауып алған. 

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам бірден Мамлют ауданының полиция бөліміне хабарласқан. Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел жетті. Жарылғыш зат табылған аумақты қоршауға алып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге уақытша көшірілді. Сонымен қатар жарылғыш заттармен жұмыс істеуге маманданған департаменттің оқу-жаттығу взводының офицерлері де келіп жетті.

Табылған зат – болжам бойынша азамат соғыс (1917–1922 жылдар) кезеңіне тиесілі снаряд. Мамандар оны абайлап арнайы полигонға жеткізіп, жойды. 

Топырақ астында біраз жатып қалғандықтан тот басып, белгісі мен нөмірін анықтау мүмкін болмаған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұған дейін де бұл аумақта ХХ ғасырдың басына жататын осындай бұйымдар табылған. 

Осыған орай полицейлер күмәнді затты байқаған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарлау қажеттігін ескертеді. 

Естеріңізге салайық, Петропавлда су тасқынына қарсы жұмыс барысында үйдің іргетасынан елуге жуық мылтық ұңғысы табылған еді.