СҚО-да мас күйде үш адамды өлтірген ер адам 25 жылға сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында қызғаныштан үйді өртеп, салдарынан үш адам мерт болған қылмыстық іс бойынша сот ауыл тұрғынына үкім шығарды.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мас күйде жасалған адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу бойынша істі қараған еді.
Оқиға былтыр 17 қыркүйекте СҚО М.Жұмабаев ауданы Полтавка ауылында болды. Спирттік ішімдік ішудің соңы жанжалға ұласқан. Б. әйелді қызғанып, барлығы ұйықтауға жатқан кезде үйге өрт қойған. Салдарынан үш адам мерт болып, біреуі аман қалды.
Бұлтартпас дәлелдердің, келтірілген зардаптың ауырлығын және жеңілдететін мән-жайлардың болмауы негізінде, сот кінәліге 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Алқабилер сотталушының мас күйде болғанына қарамастан, қасақана әрекет етіп, соңы аса ауыр зардапқа әкелгенін мойындады.
Үкім заңды күшіне енді.
Естеріңізге салайық, өрт сөндіру барысында үйден 57 жастағы әйелдің, 44 және 46 жастағы екі ер адамның мүрдесі табылғанын жазған едік.