СҚО-да мас жүргізушінің кінәсінен бір адам мерт болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында автокөліктің мас жүргізушісі жүк көлігімен соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 4 ақпан күні шамамен сағат 20.50-де болған. Аудан орталығы Булаев қаласы маңындағы «Челябі-Новосібір» автожолында ВАЗ-21099 автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, жол жиегінде тұрған Volvo ауыр жүк көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-21099 автокөлігінің 1999 жылғы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Жеңіл көлік жүргізушісі және 1989 жылғы екінші жолаушы орталық аудандық ауруханаға жеткізілді.

Медициналық куәландыру ВАЗ-21099 көлігі жүргізушісінің мас күйде болғанын көрсетті.

Аталған факті cотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша енгізілді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. ВАЗ-21099 көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

2021 жылғы қаңтар айында СҚО жолдарында 6 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан бір адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Маусымаралық кезеңнің жақындауына және көк тайғаққа байланысты полицейлер жол қозғалысы қатысушыларын жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға, қандай жағдай болмасын рөлге мас күйде отырмауға шақырады.