Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық орталық директоры Юрий Белоног бұл жайында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Биылғы наурыз айынан бастап әр аптаның сәрсенбісі мен жұма күндері біз лездеме мен есеп беруді мемлекеттік тілде жүргізіп келеміз. Басында, әрине, қиын болды. Жиналыстарымыздың уақыты созылды, бірақ қазір бәрі бір жүйеге түсіп, үйреншікті жағдайға айналып келеді.
Ұжымдағы дәрігерлер мен фельдшерлердің 90% - жастар, олар қазақ тілінде ауызекі сөйлейді және тез үйренетін дағдылары бар.
Р.S. Біздің барлық бригадаларымыз сырқатқа қажетті медициналық көмек бере алатындай мемлекеттік тілде түсінісе алады. Біздің мақсатымыз – Мемлекеттік тілді өмірде де, жұмыста да еркін қолдану», - деп жазды Юрий Белоног.
Орталық директорының айтуынша, жаңашылдықты қабылдау қашан да қиын, сол себепті бастапқыда наразылық білдіргендер болған. Бірақ басшылық оларға тілді үйренуге қаңтар айынан наурызға дейін уақыт берген.
«Қазір ұжымда 500-дей адам еңбек етеді. Олардың жартысына жуығы қазақ тілінен шалағай, соның ішінде Ресейден қоныс аударған және өзіміздің қазақтар да бар. Жалпы біздің ұжымда 35 түрлі ұлт өкілі еңбек етіп жатыр.
Ынта болса тілді меңгеруге болады. Мен қазақ тілін ешқандай курсқа бармай, өздігімнен үйреніп жүргеніме 5 жылдың жүзі болды. Еркін меңгермесем де сөйлеймін, түсінісе аламын», - дейді Юрий Белоног.