СҚО-да мектеп оқушысы әзірлеген Telegram-бот асхана жұмысын оңтайландырды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 17 жасар Эдуард Янцен асханаға тапсырыс беру жүйесін жеңілдету үшін Telegram-бот әзірлеп, өз жобасын тәжірибеде сәтті жүзеге асырды.

Фото: Эдуард Янценнің жеке архивінен

Эдуард Янцен биыл Мамлют ауданы Краснознаменское орта мектебін тәмамдағанымен, білім ордасында оның есімі әлі ұзақ ұмытылмасы анық.

Фото: Эдуард Янцен жеке архивінен

Оның «Askhana Bot - қашықтан тапсырыс беру» деп аталған жобасы мектептегі тамақтануға өтінім беру процесін цифрландырды. Бүгінде білім беру мекемелерінде оқушылардың тамаққа тапсырысы негізінен қағаз арқылы қабылданады. Салдарынан уақытты алады, түсініспеушіліктер туындауы мүмкін және бұл - асхана қызметкерлеріне қосымша жүктеме.

- Мектепте балалардың тамаққа тапсырыс беріп үлгермей қалатын кездері жиі болатын. Біреулері сабаққа кешігеді, енді бірі арнайы қағазды толтыруды ұмытып кетеді. Өзім де бірнеше рет осы себепті мектепте тамақ ішпей қалғанмын. Сондықтан осы мәселені шешудің жолын іздей бастадым. Сөйтіп Telegram-бот жасау идеясы келді, - дейді Эдуард.

Оқушылар смартфонды қолданып, Askhana Bot арқылы қысқа уақыт ішінде тамаққа тапсырыс бере алады. Мәзірді таңдап, қажет болған жағдайда тапсырысты өзгертіп немесе одан бас тартуға болады.

Фото: Эдуард Янценнің жеке архивінен

Жасөспірімнің айтуынша, ботты жасау үшін ол алдымен мәселені жан-жақты зерттеп, түрлі шешімдерді қарастырған.

- Бірінші жылы мәселені зерттеумен айналыстым. Әуелде компьютерлік бағдарлама жасағым келді. Бірақ оның қолдануға ыңғайсыз болатынын түсіндім. Кейін оқушылар мен асхана қызметкерлері арасында сауалнама жүргіздім. Соның нәтижесінде Telegram-бот ең тиімді шешім деген қорытындыға келдім, - дейді мектеп түлегі.

Жобаны әзірлеу барысында қиындықтар да аз болмаған.

- Басында өте қиын болды. Себебі бағыт-бағдар беретін адам болмады. Барлық қолданушыға түсінікті әрі қарапайым жүйе жасау керек еді. Кейбір қателіктердің кесірінен жобаны қайтадан басынан бастауға тура келді. Бірақ мұның бәрі жақсы тәжірибе жинауға көмектесті, - дейді Эдуард.

Бүгінде Askhana Bot жүйесі арқылы оқушылар бұрынғы тапсырыстарын көре алады. Ал асхана қызметкерлері үшін барлық ақпарат бір жерде жинақталады.

Зерттеу барысында Эдуард оқушылар мен асхана қызметкерлері арасында сауалнама жүргізіп, жобаны пилоттық режимде енгізген. Нәтижесінде тамаққа тапсырыс беру уақыты бұрынғы 5–10 минуттан бір минутқа дейін қысқарған. Қате рәсімделген өтінімдер саны 12%-тен 2% дейін азайса, асханадағы есептілік дайындауға кететін уақыт 45 минуттан 5 минутқа дейін қысқарған.

Нәтижесінде жүйені пайдаланған мектеп оқу жылында шамамен 174 мың теңгені үнемдеген.

Эдуард бұл жобаны әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр.

- Болашақта жаңа функциялар қосқым келеді. Оны сайт немесе мобильді қосымша ретінде де дамытуға болады. Мұндай жүйені тек біздің мектепте ғана емес, аудан, облыс және республика көлеміндегі басқа оқу орындарында да қолдануға мүмкіндік бар, - дейді ол.

Биыл 11-сыныпты бітірген түлек болашағын ақпараттық технологиялар саласымен байланыстырмақ.

- IT саласы маған өте ұнайды. Өйткені ол үнемі даму үстінде. Адамдардың өмірін жеңілдететін жаңа жобаларды ойлап тауып, оларды жүзеге асырғым келеді, - дейді Эдуард Янцен.

Бұған дейін NIS оқушылары Паркинсон дерті мен инсульт салдарынан зардап шеккен жандарға арналған қолжетімді құрылғы ойлап тапқанын жазған едік.