Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты аяқталғанымен, қызметшілерді өтемақысыз түннің бір уағына дейін ұстау әлі де кездеседі.
- «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты белгіленген нормалармен қатаң реттеледі. Жұмыс күнінің ұзақтығы, үстеме жұмысқа тарту тәртібі айқындалған. Мемлекеттік орган қызметшіні оның жазбаша келісімімен ғана қосымша жұмысқа тарта алады. Сондай-ақ бұл мемлекеттік органның тиісті актісімен рәсімделуі керек. Үстеме жұмыс бір жұмыс күні ішінде екі сағаттан аспауға тиіс. Заңда көзделген ерекше жағдайлар бұған кірмейді. Кейін үстеме жұмыс уақыты үшін заңнамаға сәйкес қосымша демалыс уақыты беріледі немесе тиісті ақшалай өтемақы төленеді, - дейді департаменттің бас маманы Дархан Ермеков.
Маманның айтуынша, кей мемлекеттік органдар бұл талаптарды толық орындай бермейді. Мәселен, қызметшілерді тиісті құжатсыз қосымша жұмысқа тарту, нақты жұмыс уақытын есепке алмау, артық жұмыс үшін өтемақы төлемеу немесе демалыс күндерін бермеу сияқты жағдайлар кездеседі. Кейде жұмыс уақытының есебін жүргізетін табельдер де формалды түрде толтырылады.
- Мұндай олқылықтар қызметкердің құқығына ғана емес, оның жұмысына деген ынтасы мен кәсіби белсенділігіне де әсер етеді. Өйткені демалыссыз, үнемі артық жұмыс істеу адамның күш-қуатын азайтып, жұмыстың сапасына кері ықпал етуі мүмкін.
Ал бұл талаптардың сақталуына ең алдымен мемлекеттік органның басшысы жауапты. Ол қызметкерлерді негізсіз үстеме жұмысқа тартуға жол бермей, жұмыс уақытын дұрыс есепке алуды және еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, - дейді Даврхан Ермеков.
Бұған дейін СҚО-да ауыл әкімдері мен бөлім басшыларынан құралған жер комиссиясы учаскелерді беру кезінде заң бұзғанын жазған едік.