Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, мемлекеттік мекемелер иелігіндегі ғимараттар мен үй-жайларға талдау жасалып, олардың қаншалықты тиімді пайдаланылып отырғаны бағаланған. Нәтижесінде бірқатар артық алаңдарды жалға беру және мемлекеттік ұйымдар арасында қайта бөлу туралы шешім қабылданды.
Түгендеу қорытындысы бойынша Петропавлдағы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің ғимаратында орналасқан бес нысанды жалға беру ұсынылды. Оның ішінде жалпы ауданы 94 шаршы метр болатын төрт нысан жалға тапсырылды.
Сонымен қатар СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 25 нысаны және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 13 нысаны жалға беруге ұсынылған.
Артық пайдаланылып отырған алаңдардың бір бөлігі басқа мемлекеттік мекемелердің қажеттілігіне өтеусіз негізде берілді. Мәселен, энергетикалық қадағалау және бақылау саласындағы аумақтық департаментке 130 шаршы метр, жерлерді зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі мемлекеттік институтқа 126 шаршы метр, ал республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығына 83 шаршы метр бөлінді.
Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев аудандық жер қатынастары бөліміне, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Отбасын қолдау орталығына да қосымша жұмыс алаңдары берілді.
Бұдан бөлек, қазір СҚО Әділет департаментіне тиесілі жалпы ауданы 85 шаршы метр болатын бос үй-жайларды өтеусіз пайдалануға беру бойынша рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар мемлекеттік мүлікті тиімді басқаруға, бос тұрған нысандарды айналымға енгізуге және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
- Былтыр мүлікті жалға беруге қатысты барлығы 30 шарт жасалды. Жалға берілген нысандардың жалпы ауданы 1 778,77 шаршы метр. Ай сайынғы жалдау төлемдерінің жиынтық көлемі 3,2 млн теңге. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бір жылда мүліктік жалдаудан бюджетке 36,2 млн теңге түсім түсті. Бұл көрсеткіш жоспарланған көлемнен айтарлықтай жоғары. Атап айтқанда, есепті кезеңге 25 млн жоспарланған еді, - дейді департамент басшысы Нұржан Исламбеков.
Бұған дейін Қазақстанның Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері жүзеге асыратын сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізгенін жазған едік.