СҚО-да мемлекеттік сатып алу талаптары бұзылып, 11,2 млн теңге қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мемлекет кірісіне сомасы 11,2 млн теңгеге сақтандыру төлемдерін өндіріп алды.
Жүргізілген талдау барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарын бұзу фактілері анықталды, олар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмауы нәтижесінде келтірілген мүліктік залалды өндіру жөнінде тапсырыс беруші тарапынан шаралар қабылданбауынан көрініс тапқан.
Атап айтқанда, Шал ақын ауданында жалпы білім беретін мектептерді күрделі жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын іске асыру кезінде мердігер шарттық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде азаматтық-құқықтық жауапкершілікті ерікті сақтандыру шарттарын ұсынған.
— 2023–2024 жылдарға заңды күшіне енген сот актілерімен мердігердің өз шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамау фактілері анық және дәлелді түрде белгіленген.
Соған қарамастан, ауданның білім бөлімі (тапсырыс беруші) заңның 43-бабының талаптарын бұза отырып, ұзақ уақыт бойы шарттардың орындалуын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған сақтандыру сомасын өндіру бойынша жалпы сомасы 11,2 млн теңге көлемінде шаралар қабылдамаған, — делінген Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша сот тәртібімен сақтандыру төлемдері толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді, бұл мемлекеттің материалдық мүдделерін қалпына келтіруге және қорғауға мүмкіндік берді.
Айта кетелік бірыңғай мемлекеттік сатып алу платформасына 120 мың қазақстандық жеткізуші тіркелген.