СҚО-да мониторингтік топ инфекциялық емдеу мекемелерін тексерді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мониторингтік топ Петропавлдағы инфекциялық емдеу мекемелерінде болып, COVID-19- дан емделіп жатқан сырқаттардың жағдайын білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент жетекшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Жахин бастаған мониторингтік топ алдымен Петропавлдағы №1 қалалық аурухананың инфекциялық стационарында болды.

Медициналық қызметтің сапасы мен көрсетілетін қызметтің қаншалықты толық беріліп жатқанын байқау ол біздің 3-ші мониторингтік топтың мақсаты. Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында емханалардың жұмысына қатысты сын айтылып жатады. Біз емдеу мекемелерінде, дәріханаларда медициналық препараттардың қорының болуын, сапалы қызмет көрсетілуін, дәрігерлердің жеткілікті болуын, олардың алып жатқан үстемеақыларының уақытында төленуін назарда ұстаймыз. Жалпы сынтудырған мәселе бойынша жұмыс істейміз», - дейді Нұрлан Жахин.

№1 қалалық аурухананың инфекциялық стационары 180 орынға шақталған.

Қазір мұнда 97 адам ем алып жатыр. Олардың бесеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімшесіне орналастырылған.

«Біздің стационар бірінші деңгейлі болып есептеледі. Өкпесі қабынған, демалуы қиын, яғни коронавирус инфекциясының ауыр түрімен ауырғандар ем алады. Сырқаттарды тәулік бойы қабылдаймыз. Тұрғындар ауырған жағдайда өздері келе алады немесе бізге жедел жәрдем қызметі, мобильді топтар жеткізеді.


Былтыр шілде-тамыз айларында тәулігіне 150-160 адамнан қабылдаған кездеріміз болды. Кейін қараша-желтоқсанда суық тию, жұқпалы вирустық респираторлық инфекциялар тарау кезінде науқастар көп болды. Қазір жағдай тұрақты», - дейді Петропавлдағы №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Артем Колесник.

Мониторингтік топ барған екінші нысан - былтыр үш айдың ішінде салынып, пайдалануға берілген жаңа модульдік инфекциялық аурухана. Емдеу мекемесі 200 орынға шақталған. Қазір мұнда 84 адам емделіп жатыр.

«Бүгін екі емдеу мекемесінде болдық. Соның бірі модульді инфекциялық аурухана. Басқа өңірлерде осындай ауруханалардың сапасына қатысты көп сын айтылды, суық деді. Бүгін СҚО-да -31 градус суық, соған қарамастан аурухананың іші жылы. Коронавируспен қатты ауырып жатқан науқастар осында шоғырланған. Мұнда оларға жақсы жағдай жасалған. Қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті. Екі ауруханада да кемшіліктер анықталған жоқ», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент жетекшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Мониторингтік топ биылдыққа 4 тексеріс жүргізді. Кемшіліктер анықталған жоқ.