СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мотокультиваторларды көлік құралы ретінде пайдалану дұрыс емес. Бұл техника түрі жер учаскесін жыртуға арналған.
Дегенмен, ауыл-аудан тұрғындары тіркеме тіркеп алып, оны қозғалыс құралы ретінде пайдаланады, тіпті адамдарды, жүктерін тасымалдайды.
Оның үстіне, тәжірибе көрсеткендей, апаттық жағдай тудырып, жол ережесін өрескел бұзады.
«Ауылдықтар мотокультиваторларымен елді мекеннен алыстап, тіпті тас жолдарға да шығып кетеді, масаң күйде жүретіндері де бар, кейде кәмелетке толмағандар да тізгіндейді. Мамлют ауданында күздің басында патрульдік полиция тобының қызметкерлері культиваторлардың иелеріне қатысты 12 хаттама толтырды. Оған жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін, маневрлеу ережелерін бұзу негіз болды. Ал бір көлік иесі оны мас күйінде тізгіндегені үшін жауапқа тартылды», - дейді Мамлют ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы Иса Мұстафин.
Мотокультиватормен жүріп келе жатып, бұрыла салуы мүмкін. Салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алады.
«Жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдары ауыр. Жол апатына әкелуі мүмкін. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері мотокультиватор иелері тарапынан жасалатын ереже бұзушылықтарды болдырмауға бағдарланған. Қозғалыс құралының түріне қарамастан жолда жүру ережелерін қатаң сақтау қажет екендігін естеріңізге саламыз», - дейді Иса Мұстафин.