СҚО-да музей коллекциясы мамонт сүйегімен толықты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл тұрғыны Александр Ремшов балық аулау кезінде тауып алған мамонттың сүйектерін облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Табиғат бөлімінің ғылыми қызметкері Максим Сорочинскийдің айтуынша, петропавлдықтың тапқан олжасы - ірі мамонттың жамбас сүйегі мен мойын омыртқасы. Қазір оны зерттеп жатыр.

«Табылған мамонт сүйектері біздің өңірге тиесілі. Соңғы сүйектер осыдан екі жыл бұрын табылған еді. Оны Тайынша ауданы Зеленый Гай кентіне жақын жерден, Ертіс өзенінің жағалауынан тапқан. Әдетте, сүйектерді жағалаудың опырылған жерлерінен тауып жатады», - деп атап өтті М. Сорочинский.

Палеонтология музейінің залына бірнеше сүйек қойылған. Олардың ең бағалысы - 1923 жылы Петропавл төңірегінен, Ертіс жағасынан табылған мамонттың азуы. Оның азуының ұзындығы 4,5 метр болса, салмағы 100 келіге дейін жеткен.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында соңғы мамонттар 11 мың жыл бұрын тіршілік еткен. Бұл өңірді түкті мүйізтұмсықтар да мекендеген. Бұл жануардың сүйегі де музейде бар.