СҚО-да музейге кіру неліктен қайтадан ақылы болды

Фото: Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында алты жыл бойы билетсіз тегін жұмыс істеген музейлерге кіру енді ақылы.

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, облыстық музейлерге барлық санаттағы азаматтар 2018 жылдың сәуірінен бастап 2025 жылдың 1 ақпанына дейін, яғни шамамен 6 жыл бойы тегін кірді. 

Бұл тәжірибе республика бойынша тек СҚО-да ғана қолданылды. Елдің басқа өңірлерінде халық музейлерге тек акциялар кезінде немесе «Музейдегі түн» сияқты белгілі бір іс-шараларда ғана ақысыз кіреді. 

Басқарма қызметкерлерінің айтуынша, музейге кіруді ақылы ету туралы шешім жылдың соңына қарай қабылданғанымен, ұйымдастыру шаралары уақыт алған. 

- 2018 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде музейлердің материалдық-техникалық базасы тек ішінара 20% ғана жаңартылды, яғни қалған мүлік моральдық тұрғыда тозған. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат музейлерді күтіп ұстауға және олардың жұмыс істеуі үшін коммуналдық және басқа да қызметтердің төлемақысына ғана жетеді.

Облыстық музейлер «мемлекеттік қазыналық кәсіпорын» құқықтық нысанында құрылған және мемлекетке мүлікті жедел басқару құқығымен берілген коммерциялық ұйым болып есептеледі.

«Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекеттік кәсіпорынның қызметі даму жоспарына сәйкес өз табысы және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады, - дейді басқарма өкілдері.

Қосымша қаражат музейлердің жағдайын жақсартып, дамытуға жұмсалмақшы. Ақылы қызмет көрсету есебінен түскен кіріс музей бюджетінде қалады және ұйымның қажеттілігіне жұмсалады. Соның ішінде қаражат экспозицияны жаңартуға, жәдігерлерді қалпына келтіруге, материалдық-техникалық базаны нығайту және т.б. қолданылмақ. 

Қазір СҚО-да музейге кіру ересектер үшін 300 теңге, студенттерге – 200, ал балаларға – 100 теңге. Аудандарда бағасы арзанырақ, ересектер 200 теңге төлесе, студенттерге – 100, балаларға 50 теңге тұрады. Бес жасқа дейінгі балалар мен мүгедектігі бар жандар және әр айдың 10 және 20-сы күні зейнеткерлер үшін музейге кіру тегін болып қала бермек. 

Естеріңізге салайық, бұған дейін шалғайда жатқан ауылдардағы музейлердің бүгінгі жай-күйі туралы жазған едік.