СҚО-да наурызда ауа райы қандай болмақ

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында наурызда орташа ауа температурасы -5,…-7°С, яғни нормадан 1°С жоғары болмақ. 

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, айдың бірінші онкүндігі суық болып, қар жауады.

Тек екінші онкүндіктен бастап өңірге көктем келіп, ауа температурасы түнде +3,…+2 градусқа дейін, күндіз +2,…+7 дейін біртіндеп көтеріледі деп болжанған.

Үшінші онкүндікте ауа температурасы құбылмалы болады, түнде +3,…+2 пен  -3,…-8 аралығында, күндіз +5,…+10 градустан 0,…+5 градусқа дейін ауытқуы мүмкін.

Температураның жоғарылауы және жылы атмосфералық фронттардың, сондай-ақ жаңбыр түрінде циклонмен өтуі еріген судың пайда болуын күшейтеді. Бір айда жауған жауын-шашын мөлшері облыстың көп бөлігінде нормадан көп болуы ықтимал. Тұман түсіп, екпіні 15-20 м/с жететін жел бір ай ішінде жиі болмақ.

Осыған байланысты, мамандардың айтуынша, биыл су тасқыны кезеңінде еріген қар суынан қауіп бар. Сондай-ақ өзендерде мұздардың жарылып, қозғалуына байланысты су деңгейі кей жерлерде көтерілуі мүмкін. Мұз наурыз айының ортасынан жарыла бастайды.

Су тасқыны кезеңіне негізгі болжамды «Қазгидромет» филиалы 2 наурызға дейін ұсынбақ. Наурыз айынан бастап гидрологиялық болжам апта сайын ұсынылса, гидрологиялық бюллетень ай басынан шығарылады.

Гидрометеожағдай өзгеріп, су тасқыны қаупі туындаған сәтте дауылды ескертулері жіберілетін болады.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі су қоймалары су тасқынына дайын тұрғанын жазған едік.