СҚО-да неміс қызы балаларды қазақша оқытып жүр

Фото: Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Марина Венинг қазақ тілін насихаттап, түрлі байқау-сайыстарда жүлделі орын алып жүр. Балаларға қазақ тілінде дәріс беретін ұстазбен Kazinform тілшісі сұхбат құрды.

- Марина Ивановна, қазақшаға жетіксіз, тілді қашан, қайда үйреніп жүрсіз ? 

Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

- Неміс ұлтының қызы болсам да, жүрегім қашанда «қазақ» деп соғатын жанның бірімін... Туып-өскен жерім киелі Шал ақын ауданы, Жаңасу ауылы. Балалық шағым түрлі этнос өкілдері тұратын ауылда қызыққа толы өтті. Орта мектепті үздік аяқтап, жүрек қалауыммен таңдаған мамандығыма қол жеткіздім. Бүгінгі таңда Шал ақын ауданының Е.А.Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып ұстазымын. Қазақ сыныбына сабақ беремін.

- Ұлтыңыз – неміс. Бірақ қазақ ауылында дүниеге келген екенсіз, бұл қалай ? Ата-әжелеріңіз кезінде Қазақстанға депортацияланған ба ?

Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

- Иә, бұл жақта тұрып жатқан немістердің барлығы сол кездегі солақай саясаттың құрбандары ғой. Ата қоныстан көшуге мәжбүрледі. Менің де туыстарым қазіргі Ибраев ауылына келіп тұрақтаған екен.

- Қазақ тілін жетік білуіңіздің көп жерде пайдасы тиген шығар ?

Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

- Тіл жанашыры болғандықтан, өзге этнос балаларын да, өзіміздің қазақ балаларын да мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеуге, ойын еркін жеткізе білуге жетелеп, ұлттық құндылықтарды бағалауға, сыйлауға үйретемін. Қазіргі заман талабына сай мұғалім үнемі үлкен ізденіс үстінде жүруі керек. Мен де ұлы даналарымыздың шығармаларын кеңінен насихаттау арқылы тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті жандандыру мақсатында аянбай еңбек етіп жүрмін деп айта аламын. Өлшеусіз қазына болып саналатын қазақ тілін бір адамдай үйреніп алғанымның арқасында көптеген белестерді бағындырдым. «Мемлекеттік тіл – менің тілім » атты сайысы, ұлы ақынымыз А.Құнанбаевтың шығармашылығын насихаттау мақсатымен «Абай оқулары», Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығына орай қазақ тілін насихаттау мақсатында өткізілген облыстық «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте», ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Тіл - татулық тірегі» атты форумының делегаты болдым. Бұл түрлі байқауларға жай ғана мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қосу үшін қатысқаным емес, қазақ тілін сүйіп, жүректен өткізгенім деп білемін. Мен өз елімнің патриотымын. Жастарды да еліміздің отансүйгіш азаматы болуына шақырамын.

- Тілге қатысты байқаулар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алған екенсіз. Жалпы, қазақ әдебиетінен қандай шығармаларды оқисыз, қай ақын, жазушының туындысы қызықтырады ?

Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

- Менің сүйіп оқитын шығармаларым, алдымен Абай атамыздың өлеңдері, қара сөздері. Ұлы ақынның өсиеттерін оқысам, шабыттанып, қуат аламын. Себебі атамыздың әр қара сөзі, қазіргіше айтқанда мотивация береді. Сонымен қатар, қазақ поэзиясында өз қолтаңбасы бар, ақиық ақын М.Мақатаевтың өлеңдерін ұнатамын. Оның өлеңдерінің тілі жеңіл, көңілге қонымды, әрі қарапайым...

- Тілді білуіңізге қатысты қызықты оқиғалар да болып тұратын шығар ?

Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

- Жаңадан танысқан адамдар мен таза қазақша сөйлегенде таңданып жатады. Мектебімізге келетін ата-аналар аты-жөнімді естігенде сенімсіздікпен қарайтын кездері бар. Бастауышта қазақ сыныбының ұстазы болғандықтан, алғашында қандай ұстазға баламызды оқуға әкелдік дегендей сұрақтар мазалайды деп ойлаймын...

- Халықаралық әйелдер күніне орай кезінде Президентпен кездесіп, дастархандас болу бақыты бұйырған екен. Осы жайында айтып беріңізші.

Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

- Кездесу 2013 жылдың 8 наурызында Халықаралық әйелдер күніне орай «Көктем шуағы» деген атпен өтті. Бұл шақырту мен үшін күтпеген оқиға болды. Ол кезде Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылында мектепте жұмыс істеймін. Бірде Президент әкімшілігінен қоңырау шалып, Президенттің қабылдауы мен құттықтауына шақырылғанымды айтты. Бастапқыда сенбедім, содан кейін қатты қобалжыдым. Туған-туыс, ауылдастарым, әріптестерім қолдап, шығарып салды.

Кең залға Президентіміз кірген сәтте қобалжуым ізім-қайым жоғалып, бойымды бір қуаныш, жайлылық пен сенімділік сезімі кернеп сала берді. Сол кездесуде қазақ елі үшін әйел әр уақытта отбасының, мемлекеттің, тіршіліктің тірегі екендігін көп айтылды.

- Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан екенсіз. Қандай келінсіз ?

Фото: Марина Венингтің жеке мұрағатынан

- Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, 15 жылға жуық қазақ ауылында қара шаңырақта келіндік парызымды атқардым. Ата-енеммен тұрғандықтан қазақтың барлық салт-дәстүрлерін ұстандым. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақ күту барлығы менің мойнымда болды. Келіндік міндетімді адал орындадым деп ойлаймын. Тек өкінішке орай, ауыл мектебінде бала саны азайғандықтан отбасымызбен аудан орталығына көшуді шештік. Балаларымның болашағы да мазалады... Бүгінгі күні тұңғышымыз Бексұлтан Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде «Инновациялық жүйе» факультетінің 3 курсында оқиды. Ортаншымыз Ерсұлтан Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы және кенжеміз - 6 жасар қызымыз Айару мектепалды даярлық сыныбына барып жүр. Балаларымыз ата-әжесінің тәрбиесінде өскендіктен қазақша оқиды, қазақша сөйлейді. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Ауылда отырып, балапандарымызға мемлекеттік тілді оқыта отырып, олардың бойына елдік сана сіңіріп, мемлекеттік рәміз, ұлттық құндылықтар, ұлттық діл, болмыс туралы түсінікті сіңіруге тырыстық.

- Аудан тұрғындары Сізді аудандық газеттегі мақалаларыңыз арқылы да жақсы біледі, бұл хобби ме ?

Мектепте оқыған кезден бастап шығарма, мақала жазуды ұнататынмын. Сөйлеуге шебер емеспін, алайда қолыма қағаз-қалам алғанда шабытым оянады. «Білерім - бір тоғыз, білмейтінім - тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінің көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау үстіндемін. Білім аламын, еңбек етемін деген адам үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Осындай келешегі кемел, халқы бақытты егемен елдің азаматы болғанымды мақтан тұтамын!

Бұған дейін СҚО-да құсбегіліктен ересектер арасында өтіп жатқан ХVІІІ ҚР чемпионатына келген бүркітші Тәттімбет Кәпұлын әңгімеге тартқан едік.